ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАСАҢ... Жақсылық жасасаң, АНАҢА жаса, Жаныңа медет сұраған. Көрсетпей сол жан саған оңаша, Көзінің жасын бұлаған. Жақсылық жасасаң, ӘКЕҢЕ жаса, Жасытпай сені өсірген. Кемеңгер сол жан қатеңе қоса Кемшілігіңді кешірген. Жақсылық жасасаң, ЖАРЫҢА жаса, Жанарында ойнар жалт-сезім. Жарыңның жанған бағынан аса, Жалғанда не бар, айтшы, өзің?! Жақсылық жасасаң, БАЛАҢА жаса, Жаратқан берген сол - бақыт! Ұл-қызың оны бағаламаса, Ұрғаны Құдай сорлатып! Жақсылық жасасаң, АУЫЛЫҢА жаса, Жәудіреп қалған жас шағың... Барғанда сені бауырына баса, Бақытқа бөлер басқа кім? Жақсылық жасасаң, АҒАҢА жаса, Арқа тұт асқар тауыңды. Ал, олар, шіркін, алаламаса, Артынан ерген бауырды... Жақсылық жасасаң, ІНІҢЕ жаса, Жат бауыр болман, жоқ! - десін. Күнара емес, күніге жаса, Күдерін үзіп кетпесін. Жақсылық жасасаң, ҚАРЫНДАСЫҢА Жаса, бөленсін шаттыққа! Жүреді қанша жаныңда, сірә, Жаралған тағдыр жат жұртқа. Жақсылық жасасаң, ДОСТЫҚҚА жаса, Жауға да бермес өр кеуде. Өкініп сосын өксіп балаша, Өтпесін өмір шерменде. Күлерсің кейін көзіңе жас ап, Көңілің босап жыларсың. Жақсылықты осы өзіңе жасап Жүргеніңді іштей ұғарсың! Қалқаман САРИН

Теги других блогов: өмір бақыт жақсылық